Уикимедиа қорының жылдық жоспары/2023-2024

This page is a translated version of the page Wikimedia Foundation Annual Plan/2023-2024 and the translation is 100% complete.

Қысқаша мәлімет

Уикимедиа қоры әлі де өзгеріп жатыр. Былтыр жаңа басшылық, соның ішінде жаңа Бас атқарушы директор және Өнімдер мен технологиялар директоры өз жұмысына ойдағыдай кірісіп кетті. Оған қоса Қор ғаламдық қауымдастықтармен маңызды мәселелер бойынша әңгіме жүргізді. Ол мәселелерге жарғыға қатысты болашақтағы рөлдер мен жауапкершіліктерден бастап сайттағы баннер арқылы ортақ қаражат жинауды қалай іске асыратынымыз туралы мәлімет жатады. Биылғы жылдық жоспарда шешімі тез бола қоймайтын көп жылдық стратегия мәселелері бойынша барынша ашық болып, Қордың жұмысы туралы толығырақ ақпарат ұсынамыз. Саны көп серіктестерімізден пікір күтеміз әрі ол пікірлерді жоғары бағалаймыз.


2023-2024 аралығындағы жылдық жоспардың қысқаша мазмұнын төменнен оқи аласыз.

Қазір қай жердеміз?

Былтыр Уикимедиа қорында жұмыс атқарудағы бұрынғы әдісімізді түбегейлі өзгертуге бар күшімізді жұмсауға бел будық. Мұның ішіне әлем бойынша қауымдастықтардың әртүрлі қажеттіліктерін жергілікті түрде қанағаттандыру, сондай-ақ өзара ынтымақтастық деңгейімізді жақсарту үшін Қор ішіндегі құндылықтарымызды қайта қарастыру арқылы жұмысымызды ұйымдастыру кірді. Осының арқасында істеп жатқан ісімізде – әсіресе айналадағы әлем күтпеген жерден күрт өзгеріп жатқанда және соған сәйкес 2030 жылғы стратегиялық бағытымызға жетудегі ортақ мақсатымызға ұжым болып қалай әсер ете алатынымызды бағалап жатқанымызда – көбірек мән пайда бола бастайды.

Ең алдымен тағы бір рет айналамыздағы өзгеріп жатқан әлемді ескеруіміз керек, яғни оған бізден не керегін және оған қалай бейімделу керегін білуіміз керек. Осы жылдық жоспар Уикимедиа қозғалысының кірісі, өнімдері мен технологиялары, рөлі мен жауапкершілігі бойынша ұзақ мерзімді өзгерістерді қарастыру үшін көп жылдық стратегиялық жоспарлауға негізделеді. Сыртқы тенденциялар көрсеткендей, әлеуметтік платформалар дәстүрлі іздеу жүйелерін ығыстыруды жалғастыра бермек, сондай-ақ жасанды интеллект цифрлық әлемнің жүйелілігіне одан сайын қауіп төндіре бермек. Оған қоса ондаған жыл бойы болған салыстырмалы түрдегі тұрақтылықтан соң, жаһандық қауымдастығымызға тірек болатын құқықтық ортамыз да айтарлықтай өзгеріп жатыр. Қате ақпарат пен жалған ақпарат сияқты қауіптерге жауап ретінде заң шығарушы органдар интернет платформаларды реттемек, бірақ олардың бұл шарасы біздің миссияның түпкі идеясына қатер алып келуі мүмкін. Мұндай қауіптер мен өсіп бара жатқан поляризация жобаларымыз бен жұмысымыз бойынша беделімізге жаңа қатерлер тудыруы мүмкін. Соңғы айтатын жайт: жаһандық экономикада болып жатқан белгісіздік кіріс көздеріміздің сенімділігін бағалап, қазірден бастап инвестиция құю қажеттігін арттырады, соның арқасында ұжымдық жұмысымыз бен бағыттарымызды қаржыландыру үшін қорларды өсіре аламыз.

Болашақтағы бағдарымыз

Екінші жыл қатарынан Уикимедиа қоры қозғалыс стратегиясындағы жылдық жоспарын теңдікті алға тарту аясында құрып жатыр. Мақсатымыз – 2030 жылғы стратегиялық бағытқа қарай бұдан да ілгері жылжу үшін Қор жұмысын Қозғалыс стратегиясының ұсыныстарымен тереңірек байланыстыру. Ұсыныстарды енгізіп жатқан басқа да қатысушылармен бірге ұйымдасқан түрде жоспарлау арқылы осы бағыттағы ісімізді жалғастыра береміз. Бұл аймақтардағы назарымызды тереңдету арқылы жасалады, соның арқасында Қор көрсететін қолдау әлемнің барлық аймағындағы түрлі қауымдастықтардың қажеттіліктерін жақсырақ қанағаттандырады. Одан бөлек, қауымдастық алдағы Қозғалыс жарғысының рөлдер мен жауапкершілік туралы нақтылық ұсынуын күтіп отыр, ол үшін бәлкім хабтар мен Жаһандық кеңес сияқты ынтымақтастық құрылымдары іске қосылады. Қауымдастығымыздағы шешімдер қабылдауда теңдікті дамыту үшін Жарғы бойынша жасалып жатқан жұмыстарда күш біріктіруді жалғастыра бермекпіз.

Жылдық жоспарлаудағы бағдарымыз:

  • Сыртқы көзқараспен қарау. Айналамыздағы әлемде болып жатқан нәрселерден бастау. Сыртқа көз тастау. Жұмысымызға әсер етіп жатқан басты сыртқы тенденцияларды анықтау.
  • Өнімдер мен технологияларға назар аудару. Өнімдер мен технологияларды кең көлемде ұсынудағы бірегей рөліміз арқылы қауымдастықтар мен волонтерлерге қолдауды ұйымдастыру.
  • Жергілікті көзқарас. Жаһандық қауымдастықтарға қолдау көрсету ісінде жергілікті көзқарасқа жүгінуді одан сайын жалғастыру.

Биыл Қор өз жоспарын өнімдер мен технологиялар төңірегінде құрмақ, сол мақсатта адамдар мен қауымдастықтардың аса үлкен көлемде ынтымақтасатын платформасы ретінде біздің бірегей рөлімізге көңіл бөледі. "Уики оңтайландыру" деп аталатын бағыт волонтерлардың Уикимедиадағы мағына беру мен білім қосу процестерінің нағыз жүрегі екенін көрсетеді. Сондықтан біз жаңа қатысушылардан гөрі биыл тәжірибелі редакторларға басымдық беріп жатырмыз (оларға қосымша құқықтары бар қатысушылар, мысалы, администраторлар, стюардтар, патрульдеушілер және функционерлер деп аталатын басқа да неше түрлі модераторлар кіреді), осылайша оларда күн сайын сапалы контентті арттырып, жақсартуға, сондай-ақ қауымдастық процестерін басқаруға қажет құралдардың бар екеніне көз жеткіземіз. Платформаны тиімді басқарып отыру Қордан жобалардағы "Уики оңтайландыру" бағытынан тыс болатын кең көлемдегі инфрақұрылым мен дерек мәселелерін шешуді талап етуі мүмкін. Бұл жұмыс төменде "Сигналдар мен Дерек қызметтері" деп сипатталған. Соңғы бір айта кететін жайт: "Болашақ аудиториялары" деп аталатын санатта редакторлар мен үлес қосушылардан тұратын алуан түрлі аудиторияны қамтуға инновация қосуды тездетуіміз керек.

Мәміле мен таңдау

Уикимедиа қозғалысының жылдар бойғы өсімі сенім артқан қаржы моделі (баннер арқылы қаражат жинау) белгілі бір шегіне жетіп келе жатыр. Оның орнын басатын жаңа қаржы көздерін, оның ішінде Wikimedia Enterprise бен Wikimedia Endowment жобаларын дамыту үшін уақыт керек. Олардың алдағы жылдары соңғы онжылдықта баннер арқылы қаражат жинағандағымен бірдей өсім әкелуі екіталай, әсіресе бүкіл әлем бойынша экономикалық ахуалдың тұрақсыз болып бара жатқанын ескерсек.

Осы тенденцияларға жауап ретінде бұған дейінгі үш жылмен салыстырғанда былтыр Қор өсімді азайтты. Қазіргі уақытта ішкі бюджетті қысқарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар Қор персоналы мен одан тыс шығындарды қамтиды, соның арқасында алдағы бірнеше жылда шығындар саласында тұрақты бағытта жылжимыз. Осындай бюджет қиындықтарына қарамастан, қозғалыс серіктестеріне құйылатын жалпы қаражат мөлшерін көбейтеміз, соның ішінде мына мақсаттарда грант мөлшерін арттырамыз: әлем бойынша инфляция шығындарын ескеру, қозғалысқа жаңадан қосылғандарға көмектесу, сондай-ақ конференциялар мен қозғалыс іс-шараларын қаржыландыруды арттыру. Бұл жоспар барлық аймаққа қаржыландыру мөлшерін бірдей өсіре отырып, аз танылған аймақтардың пропорционалдық түрде көбірек өсуіне басымдық береді. Осы өсімнің серіктестер (аффилиаттар) мен жаңа қатысушыларға қатысты қолданылуы үшін, кейбір грант бағдарламаларының (мысалы, Зерттеу мен Альянс қорларының) көлемі кішірейеді. Одан бөлек, Қордың негізгі мүмкіндіктерін бағалай отырып, басқа қатысушылардың одан да мағыналы үлес қоса алатын шаралары болуы мүмкін екенін түсінеміз және алдағы жылдары сол бағытта алға жылжудың прагматикалық жолдарын зерттеп жатырмыз.

Барынша ашық әрі есеп беруге ыңғайлы болу мақсатында бұл жылдық жоспарда толық мәліметі көрсетілген қаржылық ақпарат, әсіресе Қор бюджетінің және Қор департаменттерінің құрылымы, сондай-ақ жаһандық нұсқаулар мен өтемақы принциптері туралы ақпарат болады.

Мақсаттар

Уикимедиа қорында 2023−2024 аралығына қойылған төрт негізгі мақсат бар. Олар Уикимедиа қозғалысының Стратегиялық бағытымен және Қозғалыс стратегиясының ұсыныстарымен сәйкес келеді әрі былтырғы жоспарда анықталған жұмыстың көбін жалғастырады. Мақсаттар:

Миссияға бірігіп жетеміз

Келесі бөлімдерде осы төрт мақсатқа жетудегі Қордағы әртүрлі командалардың жұмысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат аласыз. Қордағы жоспарлаудың қысқаша тарихынан соң, сыртқа бір қарап, айналамыздағы өзгеріп жатқан әлемге үңілеміз де, оның Уикимедиа мен Қордың басты назардағы мәселелеріне қалай әсер ететіні туралы сұрақ қоямыз. Тағы да нені ескеруіміз керек? Ұжым болып, қозғалыстың 2030 жылғы көрінісіне жетуге жақындататын бағытта бара жатырмыз ба? Қазір әлемге бізден не керек?

Уикимедиа қорының құндылықтарын жаңарту барысында қызметкерлеріміз осы миссияны бірігіп орындау принципін мақұлдады. Келесі ұсынылған ақпарат Қордың бәріміз үшін осы уәдені орындауға қалай ұмтылатынын жақсырақ түсінуге көмектеседі деп үміттенеміз.