Әмбебап әдеп кодексі/Орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулықтың қайта қаралған нұсқасы

This page is a translated version of the page Universal Code of Conduct/Revised enforcement guidelines and the translation is 99% complete.
Outdated translations are marked like this.


Universal Code of Conduct

1. Әмбебап әдеп кодексінің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулық

Орындауды қамтамасыз ету туралы бұл нұсқаулықта қауымдастық пен Уикимедиа қорының Әмбебап әдеп кодексінің (ӘӘК) мақсаттарына қалай қол жеткізе алатыны сипатталады. Ол басқа тақырыптармен қатар, ӘӘК туралы түсінікті насихаттау, бұзушылықтардың алдын алу бойынша белсенді жұмыстарға қатысу, ӘӘК бұзушылықтарына жауап қату жұмыстары туралы қағидаттарды әзірлеу және жергілікті атқарушы құрылымдарды қолдау сияқты тақырыптарды қамтиды.

Әмбебап әдеп кодексі онлайн және офлайн режимдегі барлық Уикимедиа кеңістігіне қолданылады. Сондықтан ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету – ортақ жауапкершілік. Қозғалыстағы орталықсыздандыру принциптеріне сәйкес, ӘӘК қатысы бар жерде барынша жергілікті деңгейде орындалуы керек.

Орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулық ӘӘК-ні әділ әрі жүйелі түрде жүзеге асырудың іргетасын құра отырып, қазіргі және болашақтағы құқық қорғау құрылымдарымен әрекеттесудің сұлбасын қамтамасыз етеді.

1.1 ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулықтың аудармалары

ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулықтың түпнұсқасы ағылшын тілінде жазылған. Ол Уикимедиа жобаларында қолданылатын әртүрлі тілдерге аударылады. Уикимедиа қоры аудармалардың барынша нақты болуы үшін бар күшін салады. Егер ағылшын тіліндегі нұсқа мен аударма мағынасында қандай да бір айырмашылық туындаса, шешімдер ағылшын тіліндегі нұсқаға негізделетін болады.

1.2 ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулық пен ӘӘК-ні қайта қарастыру

Қамқоршылар кеңесінің ұсыныса сүйене отырып, орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулықты ратификациялағаннан кейінгі бір жылдан соң, Уикимедиа қоры қауымдастықпен кеңесіп, ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулық пен ӘӘК-ні қайта қарастырады.

2. Алдын алу жұмыстары

Бұл бөлім Уикимедиа қауымдастықтары мен оларға мүше (серіктес) тұлғаларға ӘӘК туралы хабардар болуға, оны толық түсінуге және ұстануға арналған нұсқауларды қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта бұл бөлімде ӘӘК туралы хабардарлықты арттыру, ӘӘК-нің аудармаларын қамтамасыз ету және орынды немесе қажет болған жағдайда, ӘӘК-ні ерікті түрде ұстануды ынталандыру бойынша ұсыныстарға қатысты толық сипаттама беріледі.

2.1 ӘӘК туралы хабарлау және оны растау

ӘӘК Уикимедиа жобаларымен өзара әрекеттесетін және оларға үлес қосатын барлық адамға қолданылады. Ол сондай-ақ бүкіл әлем бойынша Уикимедиа жобаларында ынтымақтасу әдебінің негізі ретінде ресми жеке іс-шараларға, сондай-ақ үшінші тарап платформаларында орналастырылған қатысы бар кеңістіктерге қолданылады.

ӘӘК-ні Уикимедиа Пайдалану шарттарына қосуға кеңес береміз.

Сонымен қатар келесі тұлғалар ӘӘК-ні ұстанатынын растауы керек:

  • Уикимедиа қорының барлық қызметкері мен мердігері, Қамқоршылар кеңесінің мүшелері, Уикимедиа филиалдарының басқарма мүшелері мен қызметкерлері;
  • Уикимедиа филиалдарының кез келген өкілі немесе Уикимедиа ұйымына мүше не серіктес болғысы келетін кез келген тұлға (мысалы, Уикимедиа демеушілік көрсететін іс-шараны, топты, зерттеуді Уикимедиа және Уикимедиадан тыс кеңістіктердегі зерттеу ортасында насихаттауға және/немесе онда бірлесіп жұмыс істеуге ұмтылатын жеке тұлға немесе жеке тұлғалар тобы); және
  • Келесідей (бірақ бұлармен шектелмейтін) жағдайларда – Уикимедиа сауда белгілерімен таңбаланған іс-шараларда (мысалы, белгілерді іс-шара атауына қосу арқылы) және қандай да бір іс-шарада Уикимедиа ұйымының, қауымдастығының немесе жобасының атынан (мысалы, ақпарат ұсынушы немесе байланыс пунктінің операторы және т.с.с. болып) шыққан кезде – Уикимедиа қорының сауда белгісін пайдаланғысы келетін кез келген жеке тұлға.

2.1.1 ӘӘК-ні насихаттау

ӘӘК туралы хабардарлықты арттыру үшін оның сілтемесі келесі жерлерде және жағдайларда көрсетіледі: пайдаланушылар мен іс-шараларды тіркеу беттері;

  • жүйеден шыққан пайдаланушылар үшін Уикимедиа жобаларында төменгі жақта көрсетілетін ескертпелер мен өңдеуді растау беттері (қажет болғанда және техникалық тұрғыда мүмкін болған жағдайда);
  • расталған серіктес ұйымдар мен пайдаланушы топтарының веб-сайттарында төменгі жақта көрсетілетін ескертпелер;
  • жеке кездесу арқылы, қашықтан және аралас форматта өтетін іс-шараларда көрінетін жерде; сондай-ақ
  • жергілікті жобалар, серіктес ұйымдар мен тұлғалар, пайдаланушы топтары және іс-шара ұйымдастырушылары орынды деп табатын кез келген жерде.

2.2 ӘӘК-ні оқыту жөніндегі ұсыныстар

U4C құру комитеті Уикимедиа қорының қолдауымен ӘӘК мен оны жүзеге асыруға арналған дағдылар жайлы жалпы түсінікті қамтамасыз етуге арналған оқытуды әзірлейді және жүзеге асырады. Оқытуды әзірлеу кезінде төмендегідей тиісті мүдделі тараптармен (бірақ олармен шектелмей) кеңескен дұрыс: серіктес тұлғалар, серіктес тұлғалар жөніндегі комитет, арбитраждық комиссиялар, стюардтар және басқа да қосымша құқықтары бар қатысушылар, "Сенім мен қауіпсіздік" ұжымы және заң бөлімі, сондай-ақ ӘӘК-нің толық нұсқасын жасауға пайдасы тиеді деп саналатын басқа да тұлғалар.

Бұл оқытулар ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету процестеріне қатысқысы келетін адамдарға немесе ӘӘК туралы ақпарат алғысы келетіндерге арналған.

Оқыту жалпы ақпаратты, бұзушылықтарды анықтау мен қолдау көрсетуді, күрделі істер мен апелляцияларды қамтитын өз алдына бөлек модульдер түрінде жүргізіледі. Алғашқы U4C комитеті құрылғаннан кейін, ол оқыту модульдерін қажетінше өңдеп, жаңартып тұруға жауапты болады.

Оқыту модульдерін әртүрлі форматта және әртүрлі платформада алуға болады, осылайша оларға қол жеткізу оңай болады. Өз қауымдастығының деңгейінде оқыту жұмыстарын жүргізгісі келетін жергілікті қауымдастықтар, сондай-ақ Уикимедиа қорымен серіктес ұйымдар мен тұлғалар оқыту жұмыстарын жүргізу үшін Уикимедиа қорынан қаржылай қолдау алады. Бұған аударма бойынша қолдау көрсету де кіреді.

Қандай да бір модульді аяқтаған қатысушылар өздерінің сол модульді аяқтағанын көпшілік алдында растағаны жөн.

Келесі оқыту жиынтықтары ұсынылады:

A модулі — Бағдар (ӘӘК — Жалпы)

  • ӘӘК мен оны жүзеге асыру туралы жалпы түсінікті қамтамасыз етуге көмектесу;
  • ӘӘК-нің не екенін және оның орындалуын қамтамасыз ету шараларынан не күтілетінін, сондай-ақ бұзушылықтарды хабарлауға көмектесетін қандай құралдардың бар екенін қысқаша түсіндіру.

B модулі — Анықтау және хабарлау (ӘӘК — Бұзушылықтар)

  • Бұл модуль адамдарға ӘӘК-нің бұзушылықтарын анықтауға, хабарлау процестерін түсінуге және хабарлау құралдарын пайдалануды үйренуге мүмкіндік беру.
  • Бұзушылық түрін, олардың хабарлануға жататын жағдайларын жергілікті контекстіде қалай анықтау керектігін, қалай және қайда хабарлау керектігін және ӘӘК процестеріндегі істерді оңтайлы түрде өңдеу туралы толық сипаттау.
  • Оқыту сонымен қатар (қажет болған жағдайда) басыну (харасмент) және билікті асыра пайдалану сияқты ӘӘК-нің белгілі бір бөліктеріне бағытталады.

C модульдері — Күрделі істер, апелляциялар (ӘӘК — бірнеше бұзушылық, апелляция)

  • Бұл модульдер — U4C құралына қосылудың міндетті шарты, сондай-ақ олар U4C құралына қатысуға өтініш беретін болашақ үміткерлер мен қосымша құқық иелеріне ұсынылады.
  • Бұл модуль екі нақты тақырыпты қамтуы керек:
    • C1 — Күрделі істерді өңдеу (ӘӘК — бірнеше бұзушылық): бірнеше жобаға қатысы бар (кросс-уики) істерді, ұзақ мерзімді басынуды (харасментті), қауіптердің негізділігін анықтауды, тиімді және сезімтал байланысты және құрбандар мен басқа да осал адамдардың қауіпсіздігін қорғауды қамту.
  • C2 — Апелляциялық шағымдарды қарау, істерді жабу (ӘӘК — Апелляциялық шағымдар): ӘӘК бойынша апелляцияларды өңдеуді қамту.
  • Бұл модульдер U4C мүшелері мен оған қатысуға өтініш берушілерге, жалпыға ортақ емес жеке деректерге қол жеткізу саясатына қол қойған қауымдастық сайлаған лауазымды тұлғаларға қамтамасыз етілетін, нұсқаушының басқаруымен жүзеге асырылатын және бейімделген оқыту түрінде болады.
  • Керек кезде нұсқаушының басқаруымен жүзеге асырылатын бұл оқыту материалдары, мысалы, жеке модульдер, слайдтар, сұрақтар, т.б. баршаға ашық болады.

3. Жауап қату жұмыстары

Бұл бөлім ӘӘК-нің бұзушылықтары туралы арыздарды қолға алу бойынша нұсқаулықтар мен қағидаттарды және ӘӘК-нің бұзушылықтарымен айналысатын жергілікті атқарушы құрылымдар үшін ұсыныстарды қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта бұл бөлімде арыздарды қарастырудың маңызды қағидаттары, хабарлау құралын құру бойынша ұсыныстар, әртүрлі деңгейдегі бұзушылықтар үшін ұсынылатын орындалуды қамтамасыз ету шаралары және жергілікті атқарушы құрылымдарға берілетін ұсыныстар толық қарастырылады.

3.1 ӘӘК бұзушылықтарын рәсімдеу мен қолға алу принциптері

Төмендегі қағидаттар қозғалыс бойынша хабарлау жүйесі үшін стандартты болып саналады.

Арыздар:

  • ӘӘК бұзушылықтары туралы хабарлау мүмкіндігі бұзушылыққа тап болған адамда, сондай-ақ мұндай жайтты сырттай бақылаған, бірақ қатысы жоқ үшінші тарап өкілдерінде болуы тиіс
  • Арыздар онлайн, офлайн, үшінші тарап орналастыратын кеңістікте немесе кеңістіктердің аралас болғанына қарамастан, ӘӘК бұзушылықтарын қамтуы міндетті
  • Арыздар баршаға ашық түрде немесе әртүрлі құпиялық деңгейде хабарлануы міндетті
  • Қатер мен заңдылықты дұрыс бағалау үшін айыптардың сенімділігі мен оларды тексеру мүмкіндігі мұқият зерттеледі
  • Жаман ниеттегі немесе негізсіз арыз жібере беретін пайдаланушылар арыз беру мүмкіндіктерінен айырылуы мүмкін
  • Айыпталушы тұлғалар, егер мұндай мүмкіндік хабарлаушыға немесе басқа адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін немесе зиян келтірмейтін болса, өздеріне қарсы жасалған бұзушылық туралы мәліметтерді көру мүмкіндігіне ие болуы міндетті
  • Арыздар тағайындалған адамдар сөйлемейтін тілдерде берілген кезде, аудармаға арналған ресурстарды Уикимедиа қоры қамтамасыз етуі міндетті

Бұзушылықтарды қарастыру:

  • Іс нәтижесі бұзушылықтың ауырлығына пропорционал болуы міндетті
  • Істер ӘӘК-нің қағидаттарына сәйкес контексті пайдалану арқылы ақпараттандырылған түрде қаралуы керек
  • Істер тұрақты уақыт шеңберінде шешілуі керек, егер іс ұзартылған болса, қатысушыларға ол туралы уақытылы хабарланып тұруы керек

Ашықтығы:

  • ӘӘК бұзушылықтарын қарастырған топ, мүмкін болған кезде, осы істердің қоғамдық мұрағатын қамтамасыз етеді, алайда қоғамдық емес істерде құпиялық пен қауіпсіздікті сақтайды
  • Уикимедиа қоры барынша аз дерек жинау мен құпиялықты құрметтеу қағидаттарын сақтай отырып, 3.2-бөлімде ұсынылған орталық хабарлау құралын пайдалану туралы негізгі статистиканы жариялайды.
  • ӘӘК бұзушылықтарын қарастыратын басқа топтарға қолдан келгенінше ӘӘК-нің бұзушылықтары мен хабарлау туралы негізгі статистиканы жариялау (барынша аз дерек жинау және құпиялықты құрметтеу қағидаттарын сақтай отырып) ұсынылады.

3.1.1 Істерді қарастыруға қажет ресурстарды ұсыну

Жергілікті басқару құрылымдары ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз етуге бірнеше жолмен қолдау көрсетеді. Қауымдастықтар келесідей бірнеше факторға негізделген әртүрлі механизмдер мен тәсілдердің ішінен таңдай алады: олардағы атқарушы құрылымдардың мүмкіндіктері, басқаруға деген көзқарас және қауымдастық қалаулары. Бұл тәсілдердің кейбірі келесілерді қамтуы мүмкін:

  • белгілі бір Уикимедиа жобасына арналған арбитраждық комитет (ArbCom);
  • бірнеше Уикимедиа жобасы арасындағы ортақ ArbCom;
  • жергілікті саясаттардың ӘӘК-ге сәйкес орындалуын орталықсыздандырылған түрде қамтамасыз ететін қосымша құқық иелері;
  • саясаттардың орындалуын қамтамасыз ететін жергілікті администраторлар панелі;
  • қауымдастықпен талқылау және келісу арқылы жергілікті саясаттардың орындалуын қамтамасыз ететін жергілікті қатысушылар.

Қауымдастықтар ӘӘК-ге қайшы келмейтін болса, бар әдістер арқылы орындауды қамтамасыз етуді жалғастыруы керек.

3.1.2 Бұзушылықтардың түрі бойынша орындауды қамтамасыз ету

Бұл бөлімде бұзушылықтардың әрқилы түрлерінің толық емес тізімі және оған қарсы қолданылатын құқықтық шаралар механизмі туралы толық мәлімет берілген.

  • Күшпен жасалатын кез келген зорлық-зомбылыққа қатысты бұзушылықтар
    • Уикимедиа Trust & Safety (Сенім мен қауіпсіздік) ұжымы реттейді.
  • Сот ісіне немесе құқықтық қоқан-лоқы көрсетуге қатысты бұзушылықтар
    • Уикимедиа қорының құқықтық тобына немесе орынды болған жағдайда, қауіптің мәнін дұрыс бағалай алатын басқа мамандарға тез жіберіледі.
  • Жеке тұлғаны анықтайтын ақпаратты келісімсіз жариялауға қатысты бұзушылықтар
    • Әдетте қадағалауды немесе өңдеуді болдырмау рұқсаттары бар пайдаланушылар реттейді.
    • Кейде Trust & Safety ұжымы қарастырады.
    • Іс тез арада Уикимедиа қорының құқықтық тобына немесе орынды болған жағдайда, бұзушылықтың мұндай түрі құқықтық міндеттемені тудыратын болса, істің мәнін дұрыс бағалай алатын басқа мамандарға жіберіледі.
  • Серіктес ұйымдарды не тұлғаларды басқаруға қатысты бұзушылықтар
    • Серіктес ұйымдар не тұлғалар жөніндегі комитет немесе оған тең орган реттейді.
  • Техникалық кеңістіктердегі бұзушылықтар
    • Техникалық әдеп кодексі жөніндегі комитет реттейді.
  • ӘӘК-ні жүйелі түрде сақтамау
    • U4C реттейді.
    • Кодексті жүйелі түрде сақтамаудың кейбір мысалдары:
      • ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз етуде жергілікті мүмкіндіктердің болмауы;
      • ӘӘК-ге қайшы келетін тұрақты жергілікті шешімдер;
      • ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз етуден бас тарту;
      • мәселелерді шешу үшін ресурстардың жетіспеушілігі немесе ерік-жігердің болмауы.
  • Уикимедиа кеңістіктеріндегі ӘӘК-нің бұзушылықтары
    • Бірнеше Уикимедиа кеңістігінде орын алатын ӘӘК-нің бұзушылықтары: жаһандық администраторлар мен стюардтар және бір Уикимедиа кеңістігінде орын алатын ӘӘК-нің бұзушылықтарын реттейтін органдар мен U4C қарастырады (егер осы нұсқаулыққа қайшы келмесе).
    • Бір Уикимедиа кеңістігінде орын алатын ӘӘК-нің бұзушылықтары: қызметтегі атқарушы құрылымдар өздерінің нұсқаулықтарына сәйкес қарастырады (егер осы нұсқаулыққа қайшы келмесе).
      • ӘӘК-ге қатысты бұзақылық сияқты қарапайым бұзушылықтарды қызметтегі атқарушы құрылымдар осы нұсқауларға қайшы келмейтін қолданыстағы әдістері арқылы шешуі керек.
  • Уикимедиа кеңістігінен тыс жерде орын алған бұзушылықтар
    • U4C шешеді: а - жергілікті басқару құрылымы (мысалы, ArbCom) жоқ жерде; ә - әдетте жауапты болатын құқық қорғау органдары істі комитетке жіберсе.
    • Кейбір жағдайларда Уикимедиа кеңістіктерінен тыс орын алған бұзушылықтарды сол кеңістіктердің атқарушы құрылымдарына хабарлаған пайдалы болуы мүмкін. Мұндайда қызметтегі жергілікті және жаһандық атқарушы механизмдердің арыздар бойынша әрекет етуіне ешқандай кедергі болмауы керек.
  • Жеке іс-шаралар мен кеңістіктерде орын алатын бұзушылықтар
    • Қызметтегі атқарушы құрылымдар көп жағдайда Уикимедиа аясынан тыс кеңістіктерде әдеп ережелерін және құқық қолдану ережелерін қамтамасыз етеді. Оларға достық кеңістік саясаттары мен конференция өткізу ережелері кіреді
    • Бұл істерді қарастыратын атқарушы құрылымдар оларды U4C комитетіне жібере алады
  • Уикимедиа қоры ұйымдастырған іс-шараларда Trust & Safety ұжымы іс-шара саясатының орындалуын қамтамасыз етеді.

3.2 Хабарлау құралына қатысты ұсыныстар

ӘӘК-ні бұзу жайттарына қатысты орталықтандырылған хабарлау және өңдеу құралын Уикимедиа қоры әзірлейді және жұмысын қадағалап отырады. Бұл құралдың көмегімен MediaWiki арқылы арыз жазу мүмкіндігі болады. Мұндағы мақсат — ӘӘК-ні бұзу жайттары туралы хабарлау және оларды реттеу үшін техникалық кедергіні азайту.

Арыздарда тиісті әрекет етуге қатысты ақпарат болуы немесе қаралып жатқан істің тіркелген құжаты көрсетілуі керек. Арыз беру интерфейсі арыз берушіге осы нақты істің қарастырылуына жауапты тұлғаға толық ақпарат ұсынуына мүмкіндік беруі керек. Бұған төмендегідей (бірақ бұлармен шектелмейтін) ақпарат кіреді:

  • хабарланған әрекеттің ӘӘК-ні қалай бұзатыны туралы;
  • сол бұзушылықтан кім немесе не зардап шеккені туралы;
  • жағымсыз оқиға(лар) орын алған күн мен уақыт;
  • жағымсыз оқиғаның (оқиғалардың) орны (орындары)
  • құқықтық топтарға мәселені барынша дұрыс шешуге мүмкіндік беретін басқа да ақпарат.

Аталмыш құрал пайдалануға оңай, қарастыру кезінде ыңғайлы, құпиялық пен қауіпсіздік және ашықтық қағидаттары бойынша жұмыс істеуі керек.

ӘӘК-нің орындалуына жауапты тұлғалардың бұл құралды пайдалануы міндетті емес. Олар қолайлы деп тапқан кез келген құралдармен жұмыс істей бере алады - істер пайдалануға оңай, қарастыру кезінде ыңғайлы, құпиялық пен қауіпсіздік және ашықтық сияқты дәл сондай қағидаттарға сәйкес қаралса болғаны.

3.3 Атқарушы құрылымдарға қатысты қағидаттар мен ұсыныстар

Мүмкін болған жағдайларда, атқарушы құрылымдарды осы жерде көрсетілген нұсқауларға сәйкес ӘӘК-нің бұзушылықтары туралы арыздарды қабылдау және оларды қарастыру бойынша жауапкершілік алуға шақырамыз. ӘӘК-нің бүкіл қозғалыс бойынша бірдей болуын қамтамасыз ету үшін ондағы бұзушылықтарды қарастыру кезінде келесі негізгі қағидаттарды ұстануды ұсынамыз.

3.3.1 Процестегі әділдік

Біз атқарушы құрылымдарды мүдделер қайшылығына қолдау көрсететін саясаттарды әзірлеуге және қолдауға шақырамыз. Соның арқасында администраторлар немесе басқалар іске өздері тікелей қатысы болған кезде, оларға арыздан қашан бас тарту қажеттігін анықтауға көмектесуі керек.

Барлық тараптың әдетте істер мен дәлелдерге қатысты өз көзқарасын білдіру мүмкіндігі болады. Қосымша ақпарат, қосымша көзқарас пен контекст беруге көмектесу үшін басқалардың пікірін де алуға болады. Алайда құпиялық пен қауіпсіздікті қорғау мақсатында кейбір шектеулер болуы мүмкін.

3.3.2 Процестің ашықтығы

4.1 тармақта сипатталған мақсат пен жұмыс көлеміне сәйкес U4C комитеті ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету шараларының тиімділігі мен олардың бүкіл қозғалыс бойынша жалпы бұзушылықтарға қатысы туралы құжаттаманы қамтамасыз етуі керек. Оларға бұл зерттеу үшін Уикимедиа қоры қолдау көрсетуі керек. Бұл құжаттаманың мақсаты - атқарушы құрылымдарға ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету бойынша озық әдістерді жасақтауға көмектесу.

Уикимедиа жобалары мен серіктес ұйымдар, мүмкін болған жағдайда, ӘӘК-нің саясат мәтініне сәйкес саясаттар мен құқық қолдану механизмдерін көрсететін беттерді жүргізуі міндетті. ӘӘК-нің саясат мәтініне қайшы келетін қолданыстағы нұсқаулары немесе саясаты бар жобалар мен серіктес ұйымдар әлемдік қауымдастық стандарттарына сәйкес келу үшін өзгерістерді талқылауы керек. Жаңа жергілікті саясаттарды жаңарту немесе жасау ӘӘК-ге қайшы келмейтіндей етіп жүзеге асырылуы керек. Жобалар мен серіктес ұйымдар шығарайын деп жатқан жаңа саясаттары немесе нұсқаулары туралы U4C комитетінен кеңестік пікірлерді сұрай алады.

Үшінші тарап платформаларында (мысалы, Discord, Telegram және т.б.) орналасқан тиісті кеңістікте орын алатын Уикимедиаға қатысты диалогтар үшін Уикимедианың Пайдалану шарттары қолданылмауы мүмкін. Олар сол веб-сайттың Пайдалану шарттарымен және әдеп саясаттарымен қамтылған. Дегенмен үшінші тарап платформаларында орналастырылған қатысты кеңістіктегі Уикимедиа пайдаланушыларының әрекеті ӘӘК-нің бұзушылықтары туралы арыздарда дәлел ретінде қабылдануы мүмкін. Үшінші тарап платформаларында Уикимедиа ұйымына қатысты кеңістіктерді басқаратын Уикимедиа қауымдастығының мүшелерін өздерінің саясаттарына ӘӘК-ні құрметтеуді қосуға шақырамыз. Уикимедиа қоры өз кеңістіктерінде Уикимедиа аясындағы қайшылықтардың жалғасуына кедергі келтіретін үшінші тарап платформалары үшін ең жақсы әдістерді ынталандыруға тырысуы керек.

3.3.3 Апелляциялық шағымдар

Жеке қосымша құқық иесі қабылдаған әрекет бойынша жасалған апелляциялар U4C комитетінен басқа жергілікті немесе ортақ атқарушы құрылымға жіберіледі. Егер мұндай атқарушы құрылым болмаса, апелляциялық шағымды U4C комитетіне жіберуге рұқсат етілуі мүмкін. Бұл келісімнен басқа жергілікті қауымдастықтар апелляцияларды басқа жеке қосымша құқық иесінің апелляция жіберуіне рұқсат бере алады.

Атқарушы құрылымдар тиісті контекстік ақпарат пен жеңілдетуші факторларға негізделген апелляцияларды қабылдау және қарау стандарттарын белгілейді. Бұл факторларға мыналар жатады (бірақ олармен шектелмейді): тағылған айыптардың тексерілу мүмкіндігі, жазаның ұзақтығы мен әсері, сондай-ақ билікті асыра пайдалану күдігінің бар-жоғы немесе басқа жүйелі түрде қайталанатын мәселелер, сондай-ақ алдағы қосымша бұзушылықтар ықтималдығы. Апелляциялық шағымның қабылданатынына кепілдік берілмейді.

Уикимедиа қорының құқықтық бөлімі қабылдаған кейбір шешімдер бойынша апелляция жіберу мүмкін емес. Алайда Уикимедиа қоры кеңсесінің кейбір әрекеттері мен шешімдерін Істерді тексеру комитеті қайта қарастырады. Құқықтық талаптар әртүрлі болса, әсіресе кеңсе әрекеттері мен шешімдеріне қатысты апелляциялар кейбір заңнамаларда қолданылмауы мүмкін.

Атқарушы құрылымдар қандай да бір апелляцияны қанағаттандыру немесе қабылдамау негізін анықтау үшін істер бойынша дәйекті көзқарастарды іздеуі керек. Ақпаратты тиісті адамдардың жеке өмірі мен шешім қабылдау процесіне қамқорлықпен, түсіністікпен қарастыру керек.

Осы мақсатқа жету үшін атқарушы құрылымдар апелляцияларды қарау кезінде әртүрлі факторларды ескергені жөн. Олар мыналарды қамтуы мүмкін (бірақ олармен шектелмейді):

  • бұзушылықтың ауырлығы мен одан туындайтын зиян;
  • бұрынғы бұзушылықтар тарихы;
  • апелляцияға берілген жазалардың ауырлығы;
  • бұзушылықтан кейінгі уақыттың ұзақтығы
  • бұзушылықтың өзін талдау;
  • билікті асыра пайдалану немесе басқа жүйелі түрде қайталанатын мәселеге қатысты күдіктер.

4. ӘӘК-ні үйлестіру комитеті (U4C)

Әмбебап әдеп кодексін үйлестіру комитеті (U4C) деп аталатын жаңа жаһандық комитет құрылады. Бұл комитет басқа жоғары деңгейдегі шешімдер қабылдайтын органдармен (мысалы, ArbCom және AffCom) тең орган болады. Оның мақсаты - жергілікті топтардың ӘӘК-нің орындалуын жүйелі түрде қамтамасыз ете алмаған жағдайында соңғы инстанция ретінде қызмет ету. U4C мүшелігі жаһандық қауымдастығымыздың жаһандық және алуан түрлі құрамын көрсетуі керек.

4.1 Мақсаты мен жауапкершілік ауқымы

U4C ӘӘК-нің бұзушылықтары туралы арыздарды бақылайды және қосымша тергеулер жүргізіп, қажет болған жағдайда шаралар қолдана алады. U4C тұрақты түрде ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету күйін бақылайды және бағалайды. Ол Уикимедиа қоры мен қауымдастық үшін ӘӘК-uе және ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету нұсқаулығына сәйкес өзгертулерді ұсынуы мүмкін, бірақ ешбір құжатты өздігінен өзгерте алмайды. Қажет болған жағдайда, U4C Уикимедиа қорына істерді қарастыруға көмектеседі.

U4C комитеті:

  • Орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулықта көрсетілген жағдайларда шағымдар мен апелляцияларды қарайды.
  • Аталған шағымдар мен апелляцияларды шешу үшін кез келген қажетті тергеуді жүргізеді.
  • ӘӘК-нің үздік тәжірибелері бойынша қауымдастықтарға ресурстарды, мысалы, міндетті оқу материалдары мен қажет болған жағдайда басқа ресурстарды ұсынады.
  • Қауымдастық мүшелерімен және атқарушы құрылымдармен бірлесе отырып, қажет болған жағдайда, ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулықтардың және ӘӘК-нің соңғы түсініктемесін береді.
  • ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету тиімділігін бақылайды және бағалайды, сондай-ақ оны жақсарту бойынша ұсыныстар береді.

U4C комитеті ӘӘК-нің бұзушылықтарына немесе оның орындалуына тікелей қатысы болмаған істерді қабылдамайды. Күрделі жүйелі түрде қайталанатын мәселелер жағдайларын қоспағанда, U4C соңғы шешім қабылдау өкілеттігін басқа тұлғаларға бере алады. U4C жауапкершіліктері 3.1.2 бөлімде басқа атқарушы құрылымдардың контексінде түсіндірілген.

4.2 Таңдау, мүшелік және рөлдер

Жаһандық қауымдастық ұйымдастыратын жыл сайынғы сайлауда дауыс беруші мүшелер таңдалады. Үміткерлер қауымдастықтың төмендегідей шарттарға сай келетін кез келген мүшесі бола алады:

  • Уикимедиа қорының жалпыға ортақ емес жеке деректерді пайдалану критерийлеріне сәйкес келуі және өзінің сайлауалды мәлімдемесінде критерийлерге толығымен сәйкес келетінін растауы;
  • қазіргі уақытта ешбір Уикимедиа жобасында жазаланбаған немесе қандай да бір іс-шараға қатысуға бұғатталмаған болуы;
  •  ӘӘК-ні ұстануы;
  • сайлау процесінде анықталған кез келген басқа жарамдылық талаптарына сәйкес келуі.

Ерекше жағдайларда, U4C, егер қызметтен кетудің немесе әрекетсіздіктің себебінен дереу тағы да мүшелер керегін анықтаса, аралық сайлау жариялай алады. Сайлау әдеттегі жыл сайынғы сайлауға ұқсас форматта өтеді.

U4C комитетінің жекелеген мүшелері басқа лауазымдардан (мысалы, жергілікті администратор, ArbCom мүшесі, іс-шара қауіпсіздігі жөніндегі үйлестіруші) кетуге міндетті емес. Алайда олар өздерінің басқа лауазымдары нәтижесінде тікелей қатысы болған істерді қарастыруға қатыса алмайды. U4C мүшелері жалпыға қолжетімді емес ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «Жалпыға ортақ емес жеке деректерге пайдалану» саясатына қол қояды. U4C құрушы комитеті U4C мүшелеріне қатысты сәйкес шарттар негізінде шешім қабылдауы керек.

U4C ішкі комитеттер құра алады немесе дұрыс деп шешсе, белгілі бір тапсырмалар немесе рөлдер үшін жеке тұлғаларды тағайындай алады.

Уикимедиа қоры U4C ұйымына дауыс беру құқығы жоқ ең көбі екі мүше тағайындай алады, сондай-ақ қалауы бойынша және сәйкесінше көмекші қызметкерлерді ұсынады.

4.3 Процедуралар

U4C оның қаншалықты жиі жиналатыны және тағы басқа қызметтік процедуралар бойынша шешім қабылдайды. U4C өз құзыретінде болған шамада өз процедураларын жасай немесе өзгерте алады. Қажет болған жағдайда комитет жүзеге асыру алдында енгізейін деп жатқан өзгерістер туралы қауымдастықтың пікірін алуы керек.

4.4 Саясат және прецедент

U4C жаңа саясат құрмайды және ӘӘК-ні өзгерте алмайды. Оның орнына U4C өз жұмыс көлемімен анықталғандай ӘӘК-ні қолданады және оның орындалуын қамтамасыз етеді.

Қауымдастық саясаты, нұсқаулары мен нормалары уақыт өте келе өзгеретіндіктен, бұрынғы шешімдер, қазіргі контексте өзекті болып қалатын болса ғана, ескерілетін болады.

4.5 U4C құрушы комитеті

ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты ратификациялағаннан кейін Уикимедиа қоры Құрушы комитетке мыналарды жүзеге асыруға көмектеседі:

  • U4C процедураларын, саясатын және прецедентін анықтау және пайдалану;
  • U4C процесінің қалған бөлігін жобалау;
  • U4C құруға қажет кез келген басқа логистикамен қамтамасыз ету;
  • U4C үшін бастапқы сайлау процедураларын бастауға көмектесу.

Құрушы комитет еріктілер қауымдастығының мүшелерінен, серіктес ұйым қызметкерлерінен немесе басқарма мүшелерінен және Уикимедиа қорының қызметкерлерінен тұруы міндетті.

Мүшелерді Уикимедиа қорының қауымдастық тұрақтылығы мен орнықтылығы жөніндегі вице-президенті таңдайды. Комитеттің ерікті мүшелері қауымдастықтың құрметті мүшелері болуы керек.

Мүшелер қозғалысымыздың орындауды қамтамасыз ету ісінде өзін жан-жақты көрсетуі керек және келесі салаларда (бірақ олармен шектелмей) тәжірибесі болуы керек: саясат әзірлеу, Уикимедиа жобаларында қолданыстағы ережелер мен саясаттарды қолдану, бірлесіп шешім қабылдау. Мүшелер қозғалысымыздың әралуандығын келесі критерийлер бойынша (бірақ олармен шектелмей) көрсетуі керек: сөйлейтін тілдері, жынысы, жасы, географиясы және жоба түрі

U4C құрушы комитетінің жұмысын жаһандық кеңес немесе осы құжатты ратификациялау процесіне ұқсас қауымдастық процесі ратификациялайды. Осы құрушы комитеттің жұмысы арқылы U4C құрылғаннан кейін Құрушы комитеттің өзі таратылуы керек.

5. Глоссарий

Администратор (жүйе операторы)
Meta сайтындағы анықтамасын көріңіз.
Қосымша құқық иесі
жай ғана өңдеуден бөлек әкімшілік құқықтары бар қатысушы, әдетте қауымдастық процестері арқылы сайланады немесе оны арбитраждық комитеттер тағайындайды. Мұндай қатысушылардың толық емес тізімі: жергілікті администраторлар, функционерлер, жаһандық администраторлар, стюардтар.
Серіктес ұйымдар немесе тұлғалар (аффилиаттар) жөніндегі комитет немесе Affcom
Meta сайтындағы анықтамасын көріңіз.
Арбитраждық комитет немесе ArbCom
кейбір даулар бойынша түпкілікті шешім қабылдау тобы ретінде қызмет ететін сенімді пайдаланушылар тобы. Әр ArbCom міндетін өз қауымдастығы анықтайды. ArbCom бірнеше жобаға (мысалы, Уикихабар және Уикисаяхат) және/немесе бірнеше тілге қызмет көрсете алады. Осы нұсқаулардың орындалу мақсаттары үшін оған Уикимедиа техникалық кеңістіктері мен әкімшілік құрамына арналған Әдеп кодексі комитеті кіреді. Сондай-ақ Meta сайтынан анықтамасын көріңіз.
Міндеттейтін етістіктер
Орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулықты құрастырып жатқанда, редакциялық комитет "жасау", "дамыту", "орындалуын қамтамасыз ету", "керек", "өндіру", "міндетті" және "істейді" деген сөздерді міндеттейтін сөздер деп қарастырды. Бұларды "ұсынылатын етістіктермен" салыстырып көріңіз.
Істерді қарау комитеті
Meta сайтынан анықтамасын көріңіз.
Қауымдастық
жоба қауымдастығына қатысты қолданылады. Жоба қауымдастығының шешімдері әдетте консенсус арқылы қабылданады. Тағы да көріңіз: Жоба.
кросс-уики
бірнеше жобаға әсер ететін немесе бірнеше жобада болатын. Тағы да қараңыз: Жаһандық.
Іс-шара қауіпсіздігі жөніндегі үйлестіруші
Уикимедиа серіктестерімен болатын жеке іс-шара ұйымдастырушылары сол іс-шараның қауіпсіздігіне жауапты ретінде тағайындаған адам.
Жаһандық
бүкіл Уикимедиа жобасына қатысты қолданылады. Уикимедиа қозғалысында "жаһандық" - қозғалыс көлеміндегі басқарушы құрылымдарға қатысты айтылатын жаргон. Әдетте "жергілікті" деген сөзден ажырату мақсатында қолданылады.
Жаһандық администраторлар
Meta сайтындағы анықтамасын көріңіз.

Жоғары деңгейде шешім қабылдаушы орган: апелляция қабылдайтын ең жоғарғы топ (яғни U4C, ArbCom, Affcom). Әртүрлі мәселелерге әртүрлі жоғары деңгейдегі шешім қабылдау органдары тартылуы мүмкін. Бұл термин хабарландыру тақтасында ұйымдастырылған талқылауға қатысатын және осы талқылаудың нәтижелеріне апелляция беру мүмкін болмаса да, шешім қабылдаған пайдаланушылар тобын қамтымайды.

Жергілікті
бір Уикимедиа жобасына (серіктес тұлғаға немесе ұйымға) қатысты айтылады. Бұл терминді әдетте жағдайға қарай ең кішкентай, тез шешім қабылдау құрылымына қатысты қолданады.
Уикимедиадан тыс кеңістіктер
негізінен Уикимедиа қауымдастығы ұйымдастырмаған онлайн кеңістіктерге қатысты айтылады, тіпті ол жерде Уикимедиа қауымдастығының мүшелері қатысып, белсенді болса да. Уикимедиадан тыс кеңістіктерге мыналар жатады: Twitter, Whatsapp, IRC, Telegram, Discord және басқалар.
Жеке тұлғаны анықтайтын ақпарат
белгілі бір тұлғаның жеке басын анықтауға себеп болуы мүмкін кез келген дерек. Бір тұлғаны басқа тұлғадан ажырату үшін және бұрын аноним болған деректің құпиялығын ашу үшін пайдаланылатын кез келген дерек те осыған жатады.
Жоба (Уикимедиа жобасы)
Уикимедиа қоры басқаратын уики-жоба.
Ұсынылатын етістіктер
Орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулықты құрастырып жатқанда, редакциялық комитет "ынталандыру", "мүмкін", "ұсыну" деген сөздерді ұсынылатын сөздер деп қарастырды. Міндеттейтін етістіктермен салыстырыңыз.
Үшінші тарап платформаларында орналастырылған тиісті кеңістік
Уикимедиа қоры басқармайтын, бірақ қолданушылар Уикимедиаға қатысты жобаларды талқылайтын веб-сайттар (оның ішінде жеке уики-сайттар). Көп жағдайда Уикимедиа еріктілері модерация жасап отырады.
Персонал
Жұмысы Уикимедиа қауымдастығының мүшелерімен байланысуды немесе қозғалыс кеңістіктерінде (оның ішінде Уикимедиа жұмыстарына арналған үшінші тарап кеңістіктерінде) істеуді қамтитын Уикимедиа қозғалысы ұйымының немесе ондай ұйым мердігерлерінің жалдамалы немесе штаттағы қызметкерлері.
Стюард
Meta сайтындағы анықтамасын көріңіз.
Жүйелі түрде қайталанатын немесе шешілмей қалатын мәселелер
бірнеше адамның (әсіресе қосымша құқық иелерінің) қатысуымен болатын ӘӘК-ні бұзу жағдайлары жиі орын алып тұратын оқиға.
Уикимедиа қорының кеңседегі әрекеттер саясаты
Осы саясаттың немесе оның орнына келетін жаңа саясаттың анықтамасын Meta сайтынан көріңіз.